Размер шрифта:
Мектеп жасына дейінгі балалардың дамуындағы серуеннің маңызы
04-03-2025 12:49

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың қоршаған орта туралы білімін топсеруен арқылы қалыптастыру қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелердегі ұйымдастырылуға тиісті жұмыстардың бірі. Себебі қоршаған орта бала үшін жаңа білім мен әлеуметтік тәжірибенің көзі. Мектепке дейінгі кезеңде білім — қоршаған орта, табиғат жайында қарапайым ұғым беру арқылы баланың дүниетанымын қалыптастырудан басталады. Мектеп жасына дейінгі балалардың ой-өрісін кеңейтудің негізі — айналадағы қоршаған ортамен табиғат құбылыстарын бақылату. Қоғамдық өмір шындығын, табиғат тамашаларын бақылатып, баланың таным, сезім қабілеттерін жетілдіру басты рөл атқарады.
Мектепке дейінгі мекемелерде топсеруенді ұйымдастыру жұмыстары балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға тәрбиелейді. Айнала қоршаған дүниені, еңбек адамдарының тіршілігін бақылай отырып балаларды еңбекқорлыққа баулу, эстетикалық талғамдарын қалыптастырудың мәні зор.
Табиғаттың әсемдігін көріп, сезіне білу балалардың өмір тәжірибесін байытып, эстетикалық талғамын дамытады. Бала сәби шақтан бастап-ақ халықтың бай мұрасын бойына сіңіріп өссе, табиғаттың сан сырын, қоршаған ортаны қадірлеуге, қорғауға, сақтауға ынтасы зор болатыны белгілі. Бүгінгі күні адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі — өзімізді қоршаған табиғи ортадағы жан-жануарлар, өсімдік, өзен, су, ауа және орман тоғайларды қолдан келгенше табиғи күйінде сақтап, болашақ ұрпаққа қаз-қалпында қалдыра білу болып табылады. Оны іске асыру үшін балабақша табалдырығынан бастап балаларға экологиялық білім мен тәрбие беру керек. Ол үшін балабақшада ұйымдастырылатын топсеруендер мен экскурсиялардың маңызы өте зор
Балаларды өсіріп, тәрбиелеуде барлық салалардың маңызы көп, соның ішінде баларға табиғатты таныстыру маңызды рөл алады. Балалар күнделікті табиғатпен және неше түрлі жаңалықтармен кездеседі. Сондықтан да табиғаттың сұлулығын, жаңалығын түсініп, жан-дүниесімен қабылдап және табиғатты сүйіп, қорғауды үйрету — әрбір тәрбиешінің басты міндеті болып табылады. Тәрбиеші балаларды серуенге алып шыққанда, қоршаған ортаның әрбір кереметін балаларға жеткізіп, олардың санасындағы алуан түрлі ойларын, қиялдарын оятып және оны одан әрі дамытуға тәрбиелеу қажет.

Балабақшада балалар серуенге ықыласпен жиналуы үшін тәрбиеші оның мазмұнын күні бұрын ойластырады, ойыншықтардың көмегімен немесе олардың немен айналысатыны туралы әңгімелесуі арқылы сәбилердің серуенге деген ынтасын туғызады. Егер серуендер мазмұнды да көңілді болса, балалар әдетте серуенге бар ынтасымен шығады.
Серуеннің ең негізгі бөлімі – ойын. Ал балаларды серуенге шығаруда ең кемінде үш ойын ойналу керек. Күндізгі серуенге ойын таңдағанда, серуеннің алдындағы балалардың айналысқан қызметін есепке алу қажет. Тыныш сабақтардан кейін қозғалысы молдау ойын таңдау қажет. Серуеннің басында барлық топпен ойнау керек. Дене тәрбиесі және музыкалық сабақтарынан кейін қозғалысы орталау ойын жоспарлаған жөн. Ондай ойындарды серуеннің ортасында немесе аяғында ойнату қажет. Балалардың қозғалыс дағдыларын пысықтайтындай, дамитындай жаңа ойындарды жоспарлап жазып үйрету керек. Бір жыл бойы шамамен 10 — 15 жаңа ойындар өткізу керек. Ойынды таңдау жыл мезгіліне, ауа райына, серуеннің өткізілу уақытына байланысты. Әрбір топта ойындар картотекасы болу керек. Осы компоненттердің бәрі серуенді қызықты және қанықты етеді. Серуенді ауа-райына, бақылайтын нысанға, өтілген сабақтарға байланысты әр түрлі жүйелілікте жүргізуге болады. Ең бастысы, серуеннің әрбір компоненті балалардың дене тәрбиесінің дамуына, денсаулықтарын шыңдауға, сонымен қатар көңіл-күйлерін көтеруге әсерін тигізеді.
Серуенде неғұрлым қимылды ойындар басты орын алады. Ойын — тек көңіл көтеру ғана емес, сондай-ақ оның көмегі арқылы жас балаларға қоршаған өмірді таныстыратын да тәсіл болып саналады. Балалар неғұрлым аз болған сайын олармен жүргізілетін білімдік — тәрбиелік жұмыстардың тәсілі ретінде ойын да соғұрлым жиірек қолданылады. Негізінен балалар ойыны әр түрлі типтерге бөлінеді. Мәселен: дидактикалық, аулада ойналатын еркін ойындар, серуен, экскурсия кезінде ойналатын ойындар, табиғаттың табиғи материалымен ойналатын ойындар, рөлдік ойындар, т.б.
Балалардың таза ауада болуының оның дене құрылысының дамуы үшін топсеруеннің үлкен маңызы бар. Серуендеу бала организмін шынықтырудың ең бастапқы және неғұрлым оңайға түсетін құралы. Ол баланың сыртқы ортаның қолайсыз әсерінен, әсіресе салқын тиюден болатын ауруларға төзімділігі мен көнбістігін арттырады. Серуенге шыққанда балалар ойнайды, көп қозғалыста болады. Қимыл зат алмасуын, қан айналымын, газ алмасуын күшейтеді, тәбетін жақсартады. Балалар бүкіл кедергілерден өтуге үйренеді, ширақ, епті, батыл, төзімді болады. Олардың қимыл шеберлігі мен дағдысы қалыптасады, бұлшық ет жүйесі нығайып, организмнің өмір сүру қабілетін арттырады.