«Дарабоз» зияткерлік сайысы

Дата: 2023-12-11 22:38:24
«Дарабоз» зияткерлік сайысы
9 желтоқсан күні мектебімізде 11 А сынып оқушылары Асанова Мадина мен Асқар Дарынның ұйымдастыруымен 9-10 сынып командалары арасында «Дарабоз» зияткерлік сайысы өтті. Сайыстың өтуіне бастамашылық жасаған Асанова Мадина өткен оқу жылында «Дарабоз» сайысының облыстық кезеңінің қатысушысы. Сайысқа 9 А, 9 Ә, 10 А және 10 Ә сынып командалары қатысты. Төрт турдан тұрған сайыс барысы «Kahoot» бағдарламасы, гиперсілтеме ашу арқылы  басқарылатын, оқушылардың тарих, география, физика, қазақ тілі пәндерінен, спорт және өнер салалары бойынша жан – жақты зияткерлік әлеуетін сынайтын сұрақтардан тұрды. Елімізде орын алған айтулы оқиғалар мен қазақ елін әлемге танытқан тұлғалар, Қазақстан Республикасының рәміздері туралы да сұрақтар ұйымдастырушылардың тыңғылықты дайындығының көрінісі деп білеміз. 
Эрудициямен қатар, оқушылардың шапшаңдық пен алғырлық дағдылары сынға түскен сайысқа әділ қазылар алқасы да аса сергектік пен қырағылық танытып, әділ үкім шығарды. 
Нәтижесінде оза шауып, бәйге алған 9 Ә сынып командасы І орын иеленсе, ІІ орынды 9 А сыныбы, ІІІ орынды 10 А сыныбы иеленді.
Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды құттықтай отырып, жеңісті күндеріміз көп болғай демекпіз!