Оқитын отбасы

Дата: 2023-05-15 22:15:59
Оқитын отбасы
15 мамыр - халықаралық отбасы күні. Атаулы күн 1993 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын атап өтіледі. Бұл күнді белгілеу - отбасындағы көптеген проблемаларға елдегі қоғамның назарын аудара түсу мақсатын көздейді. БҰҰ сарапшыларының пікірі бойынша, бір отбасындағы негізгі құқықтарға көз жұма қарау, ондай проблемаларды елемей, құқықты белден басу - тұтастай адамзаттық отбасына да қауіп төндіре түседі. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр. 
  Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы - адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасы тәрбиесі - бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. 
 Отбасы - сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы - әр елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Аталмыш күнге орай мектеп-лицейімізде «Менің отбасымның кітапханасы», «Біздің отбасылық кітапханамыз», «Оқитын отбасы» тақырыбында презентациялар ұйымдастырылды.