«Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» атты мерекелік кездесу

Дата: 2023-04-24 16:25:58
 «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» атты мерекелік кездесу

       21.04.2023 жылы мектеп-лицейде «Өнегелі өмір» жобасы аясында мектеп-лицейіміздің ардагер ұстазы, ҚР ағарту ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері Дәрібек Күлшара Дәрібекқызының 80 жылдық мерейтойына арналған «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» атты мерекелік кездесу кеші өтті. Фойеден бастау алған мереке «Ұстаз» әнімен ашылып, акт залда жалғасын тапқан мерейлі кездесуге Балқаш қаласы білім бөлімі басшысы - Қарлығаш Шакаримовна Дүбірбекова,  Балқаш қаласының білім қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрайымы - Асем Бикенқызы Айтжанова, мектеп директоры Қарлығаш Тишбековна Рахымберлина жүрекжарды тілектерін жолдап, ұлағатты ардагер ұстаздар, мерейтой иесінің әріптестері мен шәкірттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және мектеп оқушылары қатысты. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде толағай  жетістіктерге жеткен аяулы ардагер ұстаздың болмысын «Өркен» үгіт насихат тобы аша біліп, «Ұстаз-ана» әнімен кештің шырайы ашылды. «Өнегелі өмір» жобасының басты ерекшелігі - сұхбат болса, оқушылар тарапынан мамандық таңдау, жас ұстаз тарапынан ұстаздық жол, кітап оқу, Абайдың «Толық адам» идеясы секілді қоғамдағы маңызды сұрақтар қойылып, Күлшара апай  барлық сұрақтарға келелі кеңес беріп, тұщымды жауап берді. Білім мен еңбек  майданында біте қайнасып, қызметтес болған бала жанының бағбаны, ұлағатты ұстаз Мұқамеди Рабиға Секербаевна, білім саласында өзінің жолын қуып, ізін жалғап ұстаздық сара жолда абыройлы қызмет атқарып жүрген шәкірті Жақыпбаева Бақытгүл Оразхановна жылы лебізін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.  Ақын шәкірті, 2006 жылғы лицей түлегі, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері Қайрат Иманбеков ұстазына арнаған жыр жолдарын қазыналы шаһар Қарағандыдан бейнежолдау жолдап, сәлемін жеткізді. Асыл ұстазға қолдау білдіріп отырған мерейтой иесінің жары Бұғыбай атамыз да ізгі тілегі мен «Сарыарқа» күйін шертіп, қонақкәдесін аянып қалмады. Жан жүрегімізді нұрға бөлеген кездесу квартеттің орындауында «Туған ел» әнімен мәресіне жетті.