Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл

Дата: 2019-02-21 09:47:08
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл

Ауған соғысының ардақты ардагерлері!

Құрметті қонақтар!

Сіздерді Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған 30 жылдық мерейлі  мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – Ауған соғысы аяқталған ардақты күн. Сондай-ақ ауғанда от кешкен ардагерлерге құрмет көрсетіп, майданда қаза болған ерлерді еске алатын ерекше күн.

Елбасымыз өз сөзінде: «Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған майданында мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды» - деген болатын.

Он жылға тарта созылған бұл соғыстың аяқталуы да ауыр болды. Кейбір қандастарымыз сұрапыл соғыста бейбітшілік үшін жан берді. Осындай батырлардың ішінде ауданымыздың тумасы, жауынгер-интернационалист, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Сәлімжан Әлиев те бар. Отан алдындағы борыш-міндетін адал атқарып, омырауларын оққа тосып, жанқиярлық ерлік көрсетіп, патриоттық парызын өтеген Кеңес жауынгерлерінің алдында жас ұрпақтың алғысы шексіз.

(Ауған соғысына КСРО құрамына 22 000 қазақстандық қатысты. 2238 күнге созылған соғыста 924 қазақстандық мерт болып, 1015 жауынгер мүгедек болып қайтты. 21 адам хабар – ошарсыз кетті.)

«Ерлік - жан дүниенің ұлы қасиеті» деген екен дана халқымыз. Өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жауқазын жастық шағын оқ пен от астында өткізсе де тағдырдың жазуымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангерлербүгінде ортамызда отыр. Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын  өмір мектебі. Тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымыздың ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге.

Құрметті жерлестер! Ардақты ардагерлер!

Ерлік ешқашан өлмейді, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Майдан алаңында мұң арқалаған сын сағаттарда бірін - бірі бауыр дескен азаматтар бүгінгі таңда еліміздің түкпір - түкпірінде еңбек етуде. Еліміздің даму жолында өз еңбектерін қосуда. Сіздерге ерен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіре отырып, ұзақ ғұмыр, денсаулық, жанұяларыңызға бақыт тілейміз! Аспанымыз ашық болсын, бейбіт өмір жасай берсін

Автор: №8 ОМ