«Мәңгілік Ел» – Тәуелсіздігіміздің рухани тірегі

Дата: 2015-10-27 05:13:05

   Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетімізде жастарға білім мен тәрбие беру, оларды барынша әлеуметтік тұрғыда қолдау, ел келешегіне өз үлесін қосатын азамат болып қалыптасуына барлық жағдай қарастырылған. Мемлекет басшысының  мынадай ұлағатты сөздерін айтуға болады: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды». 
   Еліміздің басты құндылығы елдегі бейбітшілік пен бірлік, экономиканың тұрақтылығы, этносаралық татулық пен толеранттылық екенін жастар түсінуі тиіс. Отбасындағы береке, адамдардың қауіпсіздігі, еңбекпен қамтамасыз етілуі, яғни бейбіт өмірдің іргетасының беріктігі сайып келгенде тыныштыққа тәуелді екенін ешқашан ұмытуға болмайды.
   Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы біздің еліміздің ертеңінің жарқын, болашағының бақытты екеніне тағы да сендіре түсті.    Жолдауда экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғанымен, Президентіміз еліміздің рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Және де 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығы өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын, сондай-ақ, осы 2015 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Жеңістің 70-жылдығы атап өтілетіндігін айтқан болатын.  Осынау тарихи белестер жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша ролге ие.
  Қазақстандық патриотизм – Қазақстанда мекендейтін көпұлтты халыққа ортақ сезім. Ол қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен мәдениетіне, рухани байлығына және еліміздің қазынасын байытуға үлес қосқан басқа этностардың мәдениетіне деген терең құрметтен туындайды.             Қабылданғанына 20 жыл толған Ата заңымыздың өзі осыған жол ашты.  Біріншіден, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден - экономикалық даму, үшіншіден - қазақстандық патриотизм, төртіншіден - маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Міне, осы төрт мәселе біздің республикамыздың негізгі принциптері болып саналады. Осы төрт мәселені Ата заңымыздың бірінші бабында енгізу арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол аша алдық.
  Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі.  Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
  Бүгінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта әлем мойындаған көшбасшы, беделді және жауапкершілікті серіктес ретінде танылған. Біз Елбасымызбен  бірге көптеген биік  шыңдарды бағындырдық.
  Елбасының тапсырмасымен үстіміздегі жылдың мамыр айында жахандық және ішкі сын-қатерлерге жауап   ретінде және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі   «100 нақты қадам»  жоспары құрылды. «100 нақты қадам» елімізге «2050-Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сүрінбей өтуге   жағдай туғызатын берік қор  жасап беретін болады.
   «100 нақты қадам» жаңа Ұлттық жоспарының 89-қадамында «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру көзделген. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік ел» құндылықтарын енгізу   туралы қарастырылған.
  «Мәңгілік ел»  идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты -Мәңгілік ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпы ұлттық идеямыз - мемлекетттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді.
   Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда бірегей және халық бірлігінің осы кезге дейін еш жерде қайталанбаған моделі қалыптастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жиырма жыл аралығында қазақстандағы барлық этностардың достық, тағаттылық және мәдениеті мен дәстүрін бірге дамыту идеясы іске асырылған қоғамды үйлестірудегі өзекті тетік қызметін атқарып келеді.
   Біздің елімізде барлық ұлттардың мәдениеті өз ерекшелігіне сай дамып келеді. Оларды тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік санатына қарап кемсітуге болмайды.  Біздің Отанымыз –Қазақстан Республикасы Жер көлемі жағынан басқа елдермен салыстырғанда 9-орында. Біздің тәуелсіз егемен елімізде 130-дан астам ұлттар тұрады. Елімізде тұрып жатқан барлық халықтың мақсаты біреу: Қазақстанымыздағы бейбітшілікті сақтау,еліміздің жағдайын жақсарту.
   Өткен 20 жылда Ассамблея қандай жолды жүріп өтті? Қандай табыс­тарға жетті?  Ассамблеяның тарихы – соңғы жиырма жылдағы Қазақстан тарихы.   Ассамблеяға конституциялық орган мәртебесі беріліп, ол Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын иеленді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданып, Ассамблеяның құры­лымы мен қызметінің, еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінде алатын орны мен рөлінің нормативтік-құқықтық реттелуі заңнамалық негізде қамтамасыз етілді. Ассамблеяның негізгі стратегиялық және бағдарламалық құжаттары өмірге келді. Ел ішінде мұқият талқыланып, Елбасы ма­құл­даған «Ел бірлігі доктринасы» бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтудың «бір ел – бір тағдыр», «тегі басқа – теңдігі бір», «ұлт рухының дамуы» сияқты басты қағидаларын айқындап берді. Елбасының Өкімімен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ережелер оның мәртебесі мен құзыреттерін, сондай-ақ, Ел бірлігі саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыруға қатысу тәртібін бекітті. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» Ел бірлігін нығайту және қоғамдық келісім саласын дамытудың орта мерзімдік стратегиялық бағытын нақтылай түсті. Ассамблеяның жыл сайынғы кезекті сессиясы бұл саланың қысқа мерзімдік мақсат міндеттерін айқындап отыратын бірегей сұхбаттастық алаңына айналған.
  Өткен жылы Елбасының Өкі­мімен Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды.   Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Мәжіліске сайланған 9 халық қалаулысы әрбір ұлыс өкілінің жоғын жоқтаумен бірге барша халқымыздың бірлігі жолында Парла­мент қабырғасында табысты қызмет етуде. Ас­сам­блеяның Мәжілістегі депутаттық тобына аталған 9 депутатпен бірге төменгі палатаның 7 комитетінде тұрақты қызмет істейтін, парла­менттік партиялардың барлығын қамтитын 12 халық қалаулысы кіруі Ел бірлігі мәселесінің кез келген саяси кеудемсоқтықтан биік тұрғанын көрсетеді.
  Ассамблея институты азаматтық қоғамның ең дамыған салаларының біріне және қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті басты сұхбаттастық алаңына айналды. Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұ­мыс істейді. Ассамблея мен этномәдени бірлес­тіктердің активі 67 мыңнан астам адамды қамтиды.
   «100 нақты қадам» жаңа Ұлттық жоспарының 86-қадамы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы»  кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, ол қазақстандықтардың біртектілігін нығайтады және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызады.
  Қазақстан  алғаш рет әлемдік аренаға халықаралық қатынастардағы өзіндік даралығымен енді. Бүгінде біздің мемлекет әлемдік алпауыт елдердің серіктесіне айналды. Бірліктің , ұлтаралық түсіністіктің арқасында  біздің еліміз  саяси аренада лайықты орынға иеленді.Қазіргі таңда қазақстан экономикасы  мықты дамыған ел, саясаты нақты және болашағы айқын мемлекет. Сондықтан елордамыз Астана қаласында 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық көрмесі өтуге лайық деп танылып, қарқынды дайындық жүргізілуде.
   Бүкілқазақстандық бірегейлік пен азаматтық принципті одан әрі нығайтуға, «Мәңгілік Ел» идеясы базасына біріктірілген құндылықтарды, тілдердің үштұғырлылығын, қазақ ұлтының негізі ретінде орта тапты дамытуға негізделген болашақ біртұтас ұлт қана азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады. «Мәңгілік Ел» – бұл біздің бірлігіміздің қуатының қайнар көзі. «Мәңгілік Ел» – барша қазақстандықтарды біріктіретін біздің Тәуелсіздігіміздің сенімді рухани тірегі. «Мәңгілік Ел» – бұл қазақстандық мемлекеттіліктің терең тарихын айшықтайтын жалпыхалықтық идея! «Мәңгілік Ел» – бұл өз атамекеніне деген сүйіспеншіліктің белгісі, қазақстандық патриотизмнің жоғары деңгейі, рух күші, Отанға адалдық, еліне шынайы берілгендік, азаматтық борыш!
   Елімізде әр азаматтың, әсіресе, жастардың ерінбей, жалықпай еңбектенуіне, ел игілігіне қызмет етуіне тағы да үлкен қолдау жасалып отыр. Бұл жай ғана айта салынған емес, Елбасының, мемлекеттің тарапынан жасалған маңызды қолдау. Біз сан ғасырлардан бері аңсаған тәуелсіздігімізді бекем қылуға талпынып, сол жолда бірнеше ауқымды істерді атқарып келе жатқан айбынды елдің ұрпағымыз. Біздің мақсатымыз – Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің егемендігін сақтау, еліміздегі ішкі бірлікті нығайтып, ұлттар татулығына селкеу түсірмеу, ең бас­тысы – отандық экономиканы өркендетуге лайықты үлес қосу. Біздің басты құндылығымыз – төл тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз, дәстүрлі дініміз. Қазақ – ұдайы биікке самғатар асыл мұратқа ұмтылған, бар бақытқа жеткізер еңбектің қадірін білген ұлы халық. Бірлігі мен татулығы бекем, экономикалық өркендеуі алға арындаған еліміздің жастары Елбасы жүктеген сенімді ақтауға атсалысады, сөйтіп, мақсатымызға жетуге үлесін қоса беретін болады!