Мектеп директорының оқушыларды,ата-аналарды және ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтауы

Дата: 2020-05-28 14:25:25

Қымбатты оқушылар, ұстаздар, ата-аналар!

Білім және ғылым министрлігінің басшысы Асхат Қанатұлы Аймағамбетов отандық білім беру жүйесі екі үлкен проблемаға жолыққанын айтады.Оның біріншісі - «тұрақсыз, белгісіз және болжамсыз бола түскен қазіргі әлемде табысты болуы, заманға сай жұмыс істеуге , бәскеге қабілетті болуы үшін оқушылар қалай оқуы қажет, олар неге дайын болғаны жөн?» деген сауалдан тұрады. Екінші мәселе жас ұрпақты ұлтжандылық пен отаншылдыққа тәрбиелей отырып, олардың жаһандық процестерден қол үзіп қалмауына қатысты. Мектеп ұжымы аталған міндеттерді шешу жолындағы тағы бір оқу жылын аяқтады. Оқу жылы әрқайсымыз үшін әртүрлі болды: бірде толағай табыстар, шаттыққа толы қуанышты күндерді сыйлады, бірде көңіл жабырқатқан сәтсіздіктер де кездесті. Шәкірттеріміз шексіз терең білім түбінен асыл ой, ұлағатты тәрбие- тағлым алуға ұмтылса, ұстаздарымыз сын сәтте білімділік пен парасаттылық , жауапкершілік пен төзімділік таныта білді.Аса күрделі кезеңде құрметті ата-аналар, сіздердің тараптарыңыздан зор қолдау таптық. Өмірде кездесетін алуан түрлі жағдайларға қарамастан балаларыңыздың білім алуына жағдай жасадыңыздар, ұстазбен ынтымақта болдыңыздар. Мың алғыс! Осы жылымыз күрделі болсын , қуанышты болсын бір жағдай анық - ой жүгірттік, пайымдадық, қорытынды шығардық, алға мақсат қойдық.

 

 

 

Ерекше сөзімді 11 сынып оқушыларына арнағым келіп отыр. Аяулы түлектер, «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», - деп бірінші ұстаз Аристотель айтқандай, білім мен өнер сіздің болашағыңыздың жарқын болуына бірден-бір кепіл.11 жыл мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап, балалықтың бал шағын бірге өткіздіңіздер, тәлім алдыңыздар, тәрбие алдыңыздар. Сіздер тамаша шәкірт болдыңыздар, біз сіздерді мақтан тұтамыз. Алдағы уақытта білім шыңына одан әрі өрмелеп, білікті маман болыңыздар! Ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, қуаныш сыйлаңыздар!Соңғы қоңырау мерекесімен құттықтаймын, әрине асыға күткен мерекеміздің басқаша өткенін қалап едік, алайда әлі талай қуанышты күндер алда!

 

 

 

 

 

Құрметпен мектеп директоры Санура Камзақызы!