Қарағанды облысында жағдай тұрақты

Қарағанды облысында жағдай тұрақты
Қарағанды облысында тіршілікті қамтамасыз ету, сауда, бизнес, қоғамдық көліктің барлық объектілері штаттық режимде жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті бұзу жоқ.
 
Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбекке жедел кеңесте барлық облыстық құрылымдардың басшылары баяндады. Облыс активі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан халқына үндеуінде берген тапсырмаларын талқылады.
 
- Біз еліміздің тұрақтылығына нұқсан келтіру қаупінің куәсі болдық. Бұл күндері көптеген өңірлерде бейбіт тұрғындар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бизнес нысандары, мемлекеттік мекемелер зардап шекті, - деді Жеңіс Қасымбек. - Біздің өңірде жағдай тұрақты және бақылауда. Бүкіл ел үшін қиын кезеңде біздің азаматтарымыз парасаттылық, ынтымақтастық танытып, деструктивті күштердің арандатуына бой алдырмағаны үшін рахмет.
 
Ол сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін құқық қорғау органдарына алғысын білдірді.
 
Ұлттық Банктің Қарағанды филиалының директоры Ғазиз Шегеновтың ақпараты бойынша, банкоматтарды қолма-қол ақшамен толықтыру мәселесі шешілді.
 
Облыста коменданттық сағат 23.00-ден таңғы жетіге дейін енгізілді. Тәулік бойы блок-бекеттер қойылды. Төтенше жағдай режиміне байланысты интернетте әлі де үзілістер болады.
 
- SENIM109 жедел желісі жұмыс істейді, онда ТЖ режимі бойынша толғандыратын барлық мәселелер бойынша жүгінуге болады. Барлықтарыңызды шектеу шаралары мен интернетті өшіруге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, - деді Жеңіс Қасымбек.
 
ТКШ, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салалар штаттық режимде жұмыс істейді.
 
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың жеке шоттарына аударылған.
 
Өңір басшысы тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Ол интернетті бақылау және арандатушылық ақпаратты анықтау бойынша тапсырма берді. Облыс әкімі тұрғындарды арандатушылыққа бой алдырмауға және тек ресми көздерге сенуге шақырды.