Балабақшада инклюзивті оқытуды қалай ұйымдастырамыз

ҚР БҒМ инклюзивті білім беру жағдайынюа жұмыс істейтін педагогтерге қойылатын біліктілік талаптарына өзгертулер енгізді. Жаңа ұсынымда енді педагогтердің қандай талаптарға сай болуы тиіс екенін және балабақшада жылдан жылға сұраныс артып жатқан инклюзивті білім беруге қандай жағдай жасау керектігін түсіндіреміз.

Балабақшада БСЕ бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерге қойылатын біліктілік талаптары қандай


Инклюзивті білім саласын дамыту үшін педагогтерді психологиялық, әдістемелік әрі әдіснамалық тұрғыдан даярлау қажет. Министрлік БСЕ бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерге қойылатын біліктілік талаптарына өзгертулер енгізді: көмекші педагогтің жаңа біліктілік талаптарына әзірленді. Сондықтан салалық мамандық лауазымдық нұсқаулықтарына өзгертулер енгізіңіз. Құжат үлгілерін пайдаланыңыз.

БСЕ бар балалар мен мүгедек балаларға арнайы білім беру ортасын қалай құрамыз

БСЕ бар балаларға арнайы білім беру ортасын ұйымдастыру үшін психологиялық-педагогикалық консилиум құрыңыз. Оқытудың арнайы жағдайларының тізімін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация бекітеді. Ол ұйғарым береді, мұнда тәрбиеленушіге мамандар қолдауын, білім беру бағдарламасы мен оқу шарттарын ұсынады.
Баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) ұйғарымы бойынша ғана БСЕ бар балаларға жатқызады. Ол баланың физикалық немесе психологиялық (психикалық) дамуында ауытқулар бар екенін әрі оқыту мен тәрбиелеудің арнайы жағдайына мұқтаж екенін анықтайды.
Мамандарға БСЕ бар балаларға мектепке дейінгі білім берудің бейімделген білім беру бағдарламасын (БББ) әзірлеуді тапсырыңыз. БББ баланы оқытуға алдын ала ата-аналардың келісімін алыңыз.
Ата-аналар үшін комиссия ұйғарымы ұсынымдық сипатқа ие. ПМПК ұйғарымын балабақшаға ұсыну қажеттігін олар өздері шешеді. Егер ата-аналар балабақшаға ПМПК ұйғарымын өткізіп, балаларын бейімделген негізгі білім беру бағдарламасы бойынша оқытуға келісім берсе, сіз оқытуға арнайы жағдай жасауға міндеттісіз. ПМПК-ның білім беру бағдарламасына, оқу нысанына және қолдау қызметінің мамандарына қатысты ескертулерін ескеріңіз.

Балабақшаны БСЕ бар балалардың мұқтаждықтарына қалай бейімдейміз

Балабақшаны даму ерекшеліктеріне ие балалардың мұқтаждықтарына бейімдеңіз. Ол үшін көру және есту бойынша мүгедектігі бар балаларға қолжетімді орта қамтамасыз етіңіз, ал қозғалысы шектеулі балаларға кедергісіз орта құрыңыз. Тәрбиеленушілердің аумаққа, үй-жайға, оқу құралдары мен ойыншықтарға тең қолжетімділік ала алатынына көз жеткізіңіз.

Балабақшаның жарақтандырылуы тиіс жабдықтар тізімі ҚР БҒМ 2016.22.01 № 70 бұйрығында бар. Мысалы, бұл тактильді панельдер, Брайльдің рельефті-нүктелі қаріп (кітаптар мен плакаттар) пен нашар көретін балаларға арналған арнайы фонарьмен жабдықталған сыныптар, санитариялық бөлмелер мен шақыру батырмалары. БСЕ бар балаларға инфрақұрылыммен қатар арнайы оқулықтар қажет.

Мамандардың БСЕ бар балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін жұмыс нысандары мен әдістерін қолдануын бақылаңыз.

БСЕ бар балалар келетін балабақшада қалай жұмыс істейміз

Балабақшада балалардың емдеудің түрлі әдісін қолданыңыз: ойын терапиясы, ертегі терапиясы, күлкі терапиясы. Сенсорлық бөлмеде түзету жұмысын ұйымдастырыңыз. Режимдік сәттер мен мәдени іс-шараларға ерекше көңіл бөліңіз.

Тәрбиеленушілермен бірге жеке, топтық және жаппай оқыту сабақтарын өткізіңіз.

Жеке сабақтар

Баланың психологпен, дефектологпен және өзге мамандармен жеке сабақтарын жоспарлаңыз. Сала мамандары баланың жуық даму аймағын анықтап, оны кеңейтуі тиіс.

Топтық сабақтар

Топтық сабақтар үшін топтарды кіші топқа бөліңіз: жеке қызығушылықтары, найтын істері бойынша, даму деңгейі бойынша бөлудің қажеті жоқ. Сабақ барысында балалар педагогтің көмешісіне айналады: сенімсіздерді жігерлендіріп, оларға кеңес береді әрі қол ұшын созады. Мұндай қарым-қатынасты қамтамасыз ету – топтық оқыту нысанының негізгі міндеті. Әр кіші топ жинақы әрі дербес отыруы тиіс, яғни арақашықтық сақтауы тиіс, себебі сабақ тыныштықта өтпейді. Кіші топ ішіндегі балалар араласады әрі қарым-қатынаста болады. сабақ тақырыбы бәріне ортақ болуы мүмкін, мысалы, «Бауырсақ» ертегісі бойынша мүсіндеу.

Жаппай сабақтар

Танымдық әрі әлеуметтік міндеттерді шешу үшін жаппай сабақтарды ұйымдастырыңыз. Жұмыстың оңтайлы нысаны – балаларды шеңбер бойынша отырғызып, ашық әңгімелесу. Жаппай оқыту сабақтарын көркемдік қызметке арнаңыз: музыка сабағы, театрлық қойылым, өнер туындыларымен танысу. Эмоционалды әсер ету әрі алаңдау әсері маңызды, бұл ақыл-ой белсенділігін арттырып, баланың өзін-өзі танытуына септігін тигізеді.

Ойын терапиясы

Арнайы жабдықталған үй-жайларда және серуендеу кезінде еркін әрі мақсатты ойындарды ұйымдастырыңыз. Ойынның көмегімен ойлау және қиял секілді маңызды психикалық қызметтер қалыптасчады. Шағын топтарда қосымша білім беру бағдарламалары бойынша басқа балалармен бірлескен белсенділік жағдайын қамтамасыз етіңіз. Мысалы, «Кішкентай зерттеуші», «Әлемді танимыз», «Лекотека», физикалық тәрбиелеу бағдарламалары. Ойын терапиясы баланың өзіндік бағасын көтеріп, коммуникативтік дағдыларын дамытады, алаңдаушылық пен қорқыныш деңгейін төмендетеді.

Ертегі терапиясы

Ертегі терапиясы әдісін баланы тіл арқылы дамыту, түзету әрі оңалту үшін қолданыңыз. Ол кейіпкерлерді бақылай отырып, өзекті мәселелерді шешуді үйреніп, қиялын дамытады: көп нәрсені түзетуге болады, мейірімділік пен батылдықтың марапаты бар деген идеяны қабылдайды. Ертегі терапиясын дидактикалық ойындармен түрлендіруге болады: «Ертегі кейіпкерінің лабиринттен өтуіне көмектес», «Картина бойынша ертегі құрастыр», «Машаға моншақ тізіп бер», «Алдар көсені киіндір».

Күлкі терапиясы

Көңіл күйді түзету әдісі – күлкі терапиясын қолданыңыз, бұл баланы балабақшаға бейімдеу кезінде аса маңызды. Ол тәрбиелунішің босаңсып, психологиялық шиеленісті басуына көмектеседі, осыдан кейін қоршаған ортадан қорқақтаудан арылып, ақырындап қабылдай бастайды.

Сенсорлық бөлмедегі түзету жұмысы

Тәрбиеленушілермен құрғақ бассейнде түзету сабақтарын өткізіңіз. Олар БЦС, ерте балалар аутизміне, Даун синдромына шалдыққан балалармен жұмыс істеуге жарамды. Сабақ мақсатына қарай олар босаңсу әсеріне жетуге көмектеседі немесе, керісінше, қимыл мен эмоционалды белсенділікті арттырады. Бала бассейнге түскенде өзінің бұлшық ет тонусына сай қалыпта жатады. Шарлардың денеге тиюі массаж әсерін тудырады, бұл ретте толық бұлшық ет босаңсуын қамтамасыз етеді. Бұл баланың негативтен арылуына әрі жүйке жүйесін нығайтуына көмектеседі.

Балабақшада БСЕ бар балаларға қандай күн тәртібін белгілеу керек

БСЕ бар тәрбиеленушілердің жұмыс тәртібіне арнайы талаптар қойылмайды. Ортақ қағидаларды басшылыққа алыңыз. Тәрбиеленушілердің күн тәртібін анықтау үшін СанЕН (ҚР ДСМ 09.07.2021 № ҚР ДСМ-59 бұйрығы) мен ПМПК ұсынымдарын басшылыққа алыңыз. Күн тәртібінің балалардың жас ерекшеліктеріне сай болып, олардың үйлесімді дамуына ықпал етуін бақылаңыз. Комиссия БСЕ бар баланың балабақшада болу уақытын қысқартуды ұсына алатынын ескеріңіз. Мысалы, күніне кем дегенде 5 сағат жүретін қысқамерзімдік топқа баруды ұсыну. Ұсынымды балабақша да, ата-аналар да орындауы тиіс.

Тәрбиешіден күнделікті баланың күнді қалай өткізгенін, қандай қиындық туындағанын және үйде қандай жұмыс істеу керектігін сұрап отыруға кеңес беріңіз. Егер педагогикалық ұжым мен ата-аналардың күшін жұмылдырсаңыз, бейімдеу процесі тез әрі тиімді өтеді.

Жағдай

ТЖ кезінде бала үш ай бойы балабақшаға бармады, баланыі балабақшадан шығарып жіберді. Басшы балабақшадан шығаруға құқылы ма

Жоқ, шығара алмайды.

Себебі мектепке дейінгі ұйымда тәрбиеленушінің орны:

1) тәрбиеленуші ауырып, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де ұйымдарда емделген, сауықтырылған, денсаулығын түзеткен және оңалтылған (көрсетілімі бойынша анықтама және қорытынды ұсынған жағдайда);

2) тәрбиеленушінің ата-анасының бірі немесе заңды өкілі тәрбиеленушінің жылына екі айдан артық емес демалысына жазбаша өтініш ұсынған жағдайда;

3) елді мекенде төтенше жағдай (әлеуметтік, табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар) енгізілген кезеңде сақталады (ҚР БҒМ 2018.30.10 № 595 бұйрығына 1-қосымшаның 10-т. 2) тарм.).

Жағдай

Қандай жағдайда балабақшадан шығара алады?

Тәрбиеленушілер мектепке дейінгі ұйымдардан:

1) мектепке дейінгі ұйым мен тәрбиеленушінің ата-анасының немесе өзге де заңды өкілінің арасындағы шарттың талаптары бұзылған;

2) тәрбиеленуші бір айдан астам дәлелсіз себеппен және әкімшілікке ескертпей келмеген;

3) дәрігерлік консультациялық комиссия анықтамасының негізінде тәрбиеленушінің келуiне кедергi болатын медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайларда шығарылады (ҚР БҒМ 2018.30.10 № 595 бұйрығына 11-т.).

Балабақшаға БСЕ балаларды бейімдеу кезеңінде педагогтер мен ата-аналар қалай араласады

Балабақшаға БСЕ бар балаларды бейімдеу кезеңінде ата-аналардың педагогтермен әрекеттестігі нәтижелі болуы үшін инклюзивті білім беру процесіне тәрбиеленушілердің ата-аналар тартыңыз. Егер отбасы мен педагогтер күшін біріктірсек, балабақшаға бейімделу процесі тез өтеді, ал оқу нәтижелілігі артады.

Ата-аналарға сабаққа қатысуды ұсынып, оларды балалар тобына қосыңыз. Сабақ барысында балалар ата-анасымен ойнап, шығармашылық тапсырмаларды орындайды, бұл әрекет етудің құрылымдық тәсіліп тауып, «сәттілік жағдайын» құруға көмектеседі.

Бала мен ата-ананы педагогтермен таныстырыңыз. Ата-аналарға оқудың қалай өтетінін, күн тәртібі туралы айтып беріңіз. Баланы үйде режимге бейімдеу бастау керектігіне назар аударыңыз. Мысалы, тамақ ішу және ұйықтау уақыты топтағы уақытына сай келуін қадағалаңыз. Тәрбиеші мен мамандардың кеңесін елемеуге болмайтынын түсіндіріңіз.

БСЕ бар балалардың ата-аналарымен жұмыстың қандай нысандарын қолдану керек

Ата-аналармен жұмыс барысында жеке және топтық жұмыс нысандарын қолданыңыз.

Жұмыстың жеке нысандарына мыналар жатады:

1. Жеке кеңес беру. Ата-аналарға тәрбиеленушіге жүргізілген диагностика нәтижесін хабарлап, түзету жұмысының барысын талқылау үшін жеке кеңес беріңіз. Баланың ерекшеліктері туралы айтып беріп, оның жағымды қасиеттерін атап өтіңіз. Қандай сабақ өткізіп, қай маманға жүгіну керектігін және үй жағдайында қалай дайындалу керектігін түсіндіріңіз.

2. Әлеуметтік желі арқылы сөйлесу. Шектеу шаралары күшейтілген жағдайда балабақша сайтында форум не чат ашыңыз, бұл ата-аналар ақпарат пен кеңес беру үшін қажет. Осы мақсатқа мессенджерді қолдана аласыз.

3. «Бала – педагог – ата-ана» бірлескен сабағы. Кездесудің мақсаты – ата-аналарды білім беру процесіне тарту. Сабақ барысында олар балаға қойылатын талаптарды біліп, оның жетістіктері мен сәтсіздіктерін көреді, педагогтермен бірге шығу жолын іздейді.

Әрекеттестіктің топтық нысанына мыналар жатады:

1. Ата-аналар лекторийлері, практикумдері, тренингтері.

Ата-аналардың педагогикалық дағдыларын қалыптастыруға әрі педагогикалық міндеттерді тиімді шешуіне көмектеседі. Мысалы, тыныс алу, артикуляциялық жаттығулар, тілдік ойындар бойынша шеберлік сағаты. Іс-шараларды онлайн режимде өткізуге болады.

2. Ата-аналар арасында тәжірибе алмасу.

Ата-аналар клубын немесе өзара көмектесу тобын құрыңыз. Ата-аналар бұл жерде дамуында ерекшеліктері балаларды тәрбиелеу мен оқыту бойынша тәжірибе алмаса алады. Кездесулерді белгілі мәселеге арнаңыз, сөз сөйлеушілерді алдын ала белгілеңіз әрі олардың дайындалуына уақыт беріңіз. Сонда ата-аналардың баяндамасы басқаларға пайдалы болады. Топтағы тәртіп пен қарым-қатынас ережелерін дайындай аласыз. Ол үшін педагог-психологтың кеңесіне немесе психологиялық-медициналық-әлеуметтік қолдау орталығына жүгіне аласыз.

3. Ата-аналар жиналысы.

Жалпы жиналыстарда ДМШ бар және мүгедек балаларға қатысты мәселелерді көтеріңіз. Осындай балалардың ата-аналарына да, мамандарға да сөз сөйлеуге мүмкіндік беріңіз. Осылай сіз қалған ата-аналардың ДМШ бар тәрбиеленушілерге жылы қарым-қатынасын қалыптастырасыз әрі олардың ата-анасының ұжымға кірігуіне көмектесесіз.

4. Ортақ ойын-сауық іс-шаралары.

Рөлдерді балалар мен ата-аналар ойнайтын ертегі көрсетілімін, көркемөнер концертін, туған күн, конкурс, сайыс ұйымдастырыңыз. Осылай сіз ата-ананың баласын жаңа қырынан тануына көмектесесіз, ал бала әлеуметтік қатынас орнату мүмкіндігіне ие болады әрі ұжымда өзін көрсетеді.

Ерекшеліктері бар балалардың ата-аналарына өзіне және баласына аяушылық таныту сезімінен қорқақтайды. Балаға қатысты мақтауды оқу нәтижесіне кәсіби баға беретін мамандар айтса ғана дұрыс қабылдайды. Сондықтан конкурстар мен сайыстарға әділқазы мүшелері ретінде ата-аналар үшін беделі бар сарапшыларды шақырыңыз.

БСЕ бар баланың балабақшаға бейімделуін жеңілдету үшін ата-аналарға ұсынымдар тізімі берілген жаднаманы таратыңыз.