"Біз біргеміз" акциясы

Мектеп-лицейімізде ӨӨТ:" Махаббат пен Шығармашылық педагогикасы" онкүндігі аясында "Біз біргеміз" акциясы өтіп жатыр. 8Ә сыныбы ата-аналары қолдау жасап, қаламыздағы "Үлкен жүрек" орталығының балаларына ұсақ моториканы дамытатын ойыншықтарды сыйға тартты. Қайырымдылық жасауға 6Ә және 5В сыныптары да атсалысты.Оқушылар орталықтың балаларына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қарасөздерін оқып, бірге Ана туралы ән шырқады. Ипотерапия сабағында пониға орталық балаларымен бірге жем берді, балаларды понимен серуендетті. Күннің аязына қарамай ойын алаңдарын сыпырып, қалыптарға су құйып, мұздан ойыншықтар қатырды. Орталық мамандары еріктілер тобына риза болып, алғыс айтты. Балаларды мейірімділік пен қамқорлыққа үйретіп, жас ұрпақты қоғамға риясыз қызмет етуге тәрбиелеу бүгінгі күні әр мектептің алдына қойған басты міндеті болмақ. Осындай игі істеріміз жалғасын таба бермек.