Тіл жанашыры

Тіл жанашыры

                            Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

(Қ.Мырза- Әлі)

 

Біздің мемлекеттік тіліміз, ана тіліміз осы тілді жасап келе жатқан халқымыздың өткені, бүгінгісі, ертеңі. Қазақ тілі өзінің даласындай дархан, көңіліндей кең, халқымыздың қасиетті қара домбырасының үнімен үндесіп жатқан тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Ана тіліміз – әкеміздің қанымен, анамыздың бесік тербеп салған әнімен бойымызға сіңген, туған халқымыздың небір асыл жәдігерлерін заманымызға жеткізген қастерлі тіл.Ана тіліміз - ұлтымыздың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасынадарыған ана тілі ғана.Халқымызға сан ғасыр арман боп келген тәуелсіздіктің ең басты тірегі, белгісі де - ана тіліміз, ұлттық мәдениетіміз. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, баға жетпес қазынасы мен байлығына балайды. Оның себебі неде?Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін - ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз - қазақ тілі екенін ұмытпауға тиіспіз.Тас бұлақтың тұнығы да , ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да, назды сұлудың нәзіктігі де, сахара даланың жазықтығы да қасиетті қазақ тілімізде!

Отырардан шыққын отты ақын Мұхтар Шаханов ағамыз жырлағандай әр адамның өз анасынан басқа туған жер, туған тіл, туған дәстүр, туған тарих - деген төрт анасы болуы тиіс. Әр ұлт өз тілімен, дінімен ерекшеленеді.Біз де сол ұлтымыздың тірегі- қазақ тілінің шұбарланбауына, тіліміздің Мәңгілік Еліміздің мәңгілік тілі болып қалуына, өркендеп дамуына, бар үлесімізді қосып, жанашыр болу басты міндетіміз.

                                     

                                      Төленді Таңгүлім

                                      10 А сынып оқушысы