«Сәкен – сұңқар, Сәкен – сән, Сәкен - аңыз» тақырыбында іс-шара өткізілді.

«Сәкен – сұңқар, Сәкен – сән, Сәкен - аңыз» тақырыбында іс-шара өткізілді.

Сәкен тірі, қазақтай елі барда! Өлместің тағына мінген ұлы тұлғаның есімі тағы да ұлықталды. Текті елдің ұрпағы тағы да тұлғасына тағзым етті. 11 қараша күні Сәкен есімімен аталатын қасиетті қарашаңырақта қазақтың көрнекті ақыны және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай «Сәкен – сұңқар, Сәкен – сән, Сәкен - аңыз» тақырыбында іс-шара өткізілді. Мектебіміздің түлектерінен құрылған «Үркер» қауымдастығы үйлестіру Кеңесінің төрағасы Беркенов Еркен Ержігітұлының басшылығымен ақынның бюсті жаңартылды. Бюсті қала әкімі Тәуірбеков Ораз Кайсайұлы мен ақынның немере інісі Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин ашып, келген қонақтар ақын рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Тарих сахнасында өзіндік із қалдырып, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастырып кеткен ақынның ізбасарлары өлеңдерін оқып, Қанат Жүнісовтің «Сәкен - сұңқар» әнін әуелете шырқады.
Сонымен қатар Сәкен кабинеті ашылып, кабинет іші Сәкен туралы құнды деректермен толықтырылды. «Сәкен ізімен» экспедициясының мүшелері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шәрбекова Гүлбарам Қайроллақызы, 7-сынып оқушысы Құрмаш А., Есенова Б., Исмухан Ө. ақын туралы өздерінің зерттеулері жөнінде, Ортау, Астана сапарлары жөнінде ойларымен бөлісті.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғау үшін, қазақтың қазыналы мұрасын сақтау үшін қонақтармен ынтымақтастық орнату мақсатында меморандум жасалып, екі жақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Оқушыларға әр түрлі бағыттағы техникалық мамандықтарды танымал етуге бағытталған кәсіптік бағдар беруге, болашақта өмір жолын таңдауға қолдау көрсету мақсатында меморандумға қол қою рәсімі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ақылбек Данабекұлымен және мектеп оқушыларының өнерін шыңдап, театрландырылған қойылымдар қоюға, көркем сөз шеберлерін кәсіби деңгейде дайындауға,келешекте өнер саласы мамандарын даярлауға бағыт беру мақсатында Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облысы қазақ драма театрының өкілі Шынар Қапанқызымен келісімшарт жасалды.
Кеш соңында қонақтар «Кәусар бұлақ» үйірмесінің оқушыларының Сәкен өмірінен сыр шертер «Емен- ұзақ жасайтын ағаш» атты драмалық қойылымын тамашалады. Рөлдерді кәсіби деңгейде орындап шыққан әр оқушының өнерінен көрермендер ерекше әсерге бөленіп, көздеріне жас алды.
Мерейтойға орай мектебіміздің үздік оқушыларын «Жас ұлан» ұйымына қабылдау рәсімі өтті. Кеш қонақтары қала әкімі Тәуірбеков Ораз Қайсайұлы, Сәкен ақынның немере інісі Сейфуллин Сәкен Орынбекұлы, тарих ғылымдарының докторы,Сәкентанушы Абсеметов Марат Оралбайұлы, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ақылбек Данабекұлы жасұландықтарға галстук тақты.
Мектебіміздің жас ұландары білімге құлаш сермеп, адал еңбек етуге, мектебімізді құрметтеп, Сәкен сынды ұлы тұлғаның өнегелі қасиеттерін бойларына дарытып, өрелі ісін жалғауға ант берді.
Кеш соңында қала әкімі Тәуірбеков Ораз Қайсайұлы құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға алғысын білдіріп,келген қонақтарға сый – сияпат көрсетті және рухани жаңғыру бағдарламасы аясында дауылпаз ақынның бюстін қайта жаңғыртып, ұлттық рухты жаңғыртуға қосқан үлесі үшін мектеп түлектерінен құрылған «Үркер» қауымдастығының мүшелеріне алғыс жариялады және Сәкен кабинетін толықтырып, мұражай жасауға қолдау көрсетіп, 300000 тг. сертификат табыстады. Сондай-ақ сөз алған ақынның немере інісі Сейфуллин Сәкен Орынбекұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абсеметов Марат Оралбайұлы Сәкендей күрескердің қайраткерлігі, оның мемлекетке жасаған еңбегін ерекше атап өтіп, өрелі ісін бүгінгі ұрпаққа үлгі етті.Сәкендей ұлы тұлғаның ізбасарларын көріп, олардың өнерлеріне тәнті болып, мектеп ұжымына, оқушыларға, баталы іс жасаған "Үркер" қауымдастығына үлкен алғыстарын білдірді.Осындай тарихи сәттің куәсі болған қонақтар өресі биік, өрісі кең білім ордасының ақын рухын асқақтатқан игілікті іс-шарасына жоғары баға берді.

Дата: 13.11.2019, 9:43 Автор: №7 МГ