Бала тәрбиесі – баршаның ісі

 

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың » деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ұлтжанды, патриоттық, ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік, құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде балабақшаның рөлі зор.

      Балабақшаның басты мақсаты:  Дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, патриоттық сезімі қалыптасқан, рухани ойлау дәрежесі биік,мәдениетті, парасатты ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.

      Француз педагогі Жан Жак Руссо: « Бала туғанда ақ қағаздай туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты  өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді » деген екен. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі.

      Осыған орай біздің «Балдырған» балабақшасы да жас ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосып, келе жатқан тәрбие орындарының бірі.

      Балабақша тәрбиешілері, жалпы педагогикалық ұжым шығармашылықпен, іздемпаздықпен жұмыс жасап, тәрбиеленушілердің ой-өрісін жан-жақты дамытуға күш салып келеді. Бұл ретте тәрбиешілеріміз Анаркүл Жұмашеваның «Отбасын оқу-тәрбие үрдісіне тарту», Жәния Түсіпбекованың «Жаны саудың – дені сау» жобалары бойынша бағдарламаларын атап өткен жөн.

      Сәуір айының жиырма алтыншы жұлдызында «Балдырған» балабақшасында  қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие ісі жөніндегі бас маманы  Әсия Бектұрғанова мен қалалық   әдістемелік бөлімінің әдіскері Жанат Айтжанованың қатысуымен әдістемелік бірлесу күні болып өтті. Бұл күні балабақшамыздың тәрбиешілері Жұмашева Анаркүл мен  Карсембаева Данагүл  ашық сабақ жүргізді.

     Бірінші сабақты «Математика еліне саяхат» атты тақырыбында тәрбиеші Карсембаева Данагүл  естиярлар тобымен өткізді. Бұл сабақта кемеге отырып, Балқаш көлінен өтіп, «Математика еліне» саяхат жасады. Математика елінде сиқырлы, қызықты тапсырмалар орындады. Өздерінің тапқырлықтарын, өнерлі екендерін көрсетіп, сыйлықтар алды. Баланың ойлау қабілетін дамытатын  логикалық тапсырмаларды сабақта қолданған өте тиімді әдіс болып табылатынына көзімізді  жеткізді.

 

       «Достық – асыл қасиет» атты тақырыбында өзін-өзі тану сабағын 1-ші санатты тәрбиеші Жұмашева Анаркүл ересектер тобымен ертегі сабақ жүргізді. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани  ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық. Балалар бұлттың үстіне отырып, қиял-ғажайып әлемге барды. Онда айдаһарды кездестіріп, «Достық- асыл қасиет» екенін көрсетіп, түсіндірді. Ең бастысы, балалар өздерін еркін сезініп, қуанышқа бөленді.

 

Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты  мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – қоғам алдындағы борышымыз.

              

Дата: 28.04.2012, 9:46 Автор: Школы и сады г. Балхаш