Құрметті 11-сынып оқушылары!

Сендердің мектеп бітірулерің еліміздегі сынақ – карантинмен қатарласып келіп отыр. Бұл күрделі кезең қашан аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Әлемнің 167 еліндегі миллиардтан астам бала қашықтықтан білім алуға көшті.

Енді сендер ең қызықты сәттеріңді өткізген мектептеріңнің ауласында жүгіріп, сыныбыңдағы парталарға таласа отыра алмайсыңдар.

Енді сендер 11 жыл бойы сендердің еркеліктерің мен тентектіктеріңді көтерген ұстаздарыңның сабағында отырмайсыңдар, тақтаға шығып сабақ айтпайсыңдар.

Дүйсенбі сайын директор тексереді деп жанталасып күнделіктеріңді толтырмайсыңдар.

Қыздар бантиктеріңді тағып, көздерің мен беттеріңді сүртпейсіңдер.

Бірақ сендер осы мектепте ұстаздарыңның тәлім-тәрбиесін ала жүріп, болашағымыздың іргетасын қаладыңдар! Мектеп жетістігі – сендердің жетістіктерің! Пән олимпиадалары, ғылыми жобалар қорғау, спорттық жарыстардан жүлделі орын алып, мектептің намысын асқақтаттыңдар! Біз сендерге ризамыз!

Қашықтықтан оқытуға байланысты сендерде қорытынды аттестация яғни емтихандар өтпейтін болды. Аттестат жылдық бағаның қорытындысы бойынша беріледі. Сондықтан Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындыққа мүмкіндіктерің мол! Наурыз айында өтетін сынақ тестерің онлайн түрінде өтпекші. Осы сұрақ бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Қ.М.Жұмажанова және сынып жетекшілеріңмен тығыз байланыста болыңдар.

Енді сендердің құлақтарың күмбірлеген күміс қоңырау үнін естімесе де, Біз сендермен біргеміз!

Алдағы үлкен сын Ұлттық бірыңғай тестілеуден абыроймен өтіп, қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болыңдар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!