Балқаш қаласы «ЖББ №16 орта мектебі» КММ-де «Өнегелі өмір» жобасының аясында және Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай мектептің өзін-өзі басқару тобы мүшелері тағы да бір мағыналы кездесу өткізді.

Дата: 2021-04-08 09:10:43

  2021 жылдың 15 наурызында  Балқаш қаласы «ЖББ №16 орта мектебі» КММ-де  «Өнегелі өмір» жобасының аясында  және Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай мектептің өзін-өзі басқару тобы мүшелері тағы да бір мағыналы кездесу өткізді. 

Кездесудің қадірлі қонағы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, көп жыл ұстаздық еткен ұлағатты ұстаз, мектеп басқарған білікті басшы, бүгінде зейнеткерлік жасқа келген Дәрібекова Гүлшара Дәрібекқызы болды.

«Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» тақырыбындағы кездесуді жүргізген  өзін-өзі басқару тобының мүшелері  Әлия Талғатқызы  және Фархатов Айбол ең алдымен қаламызға белгілі ардагер ұстаздың өмірдеректерін  баяндап, оқушыларға таныстырды. 

Қаламыздағы ең алғаш қазақ мектебі болып ашылғандықтан  білімнің қара шаңырағы болып саналатын, бүгінде Абай атындағы лицей болып отырған мектепте ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, одан кейін мектеп директоры болып қызмет атқарған Гүлшара Дәрібекқызы қала өмірінен де тыс қалмай, 2 дүркін қалалық кеңес депутаты болып талай қоғамдық іс-шаралардың да басы-қасында жүрген белсенді жан екені де айтылды. 

Осындай ұлағатты ұстаз «Ы.Алтынсарин», «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, 3 дүркін Білім министрлігінің мадақтамасына, Елбасы Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасына ие болған.   Ардақты ұстаздың еңбегі туралы мәліметтер  сонымен бірге облыстық Құрмет кітабына, «Алтын ұстаздар» энциклопедиясына енген. Гүлшара Дәрібекқызы басқарған мектеп «Әйел басқарған үздік мекеме» атанған.  

Кездесу барысында түрлі сұрақтар қойылып, салиқалы әңгіме мен ақыл-кеңестер айтылды.

Гүлшара Дәрібекқызы осы маңызды мамандықты таңдауының себебін,  ұстаз болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек екендігіне тоқталды. Сонымен бірге қазіргі қазақ тілінің қолданысы, өзі пір тұтатын әдеби кейіпкерлер мен тарихи тұлғалары туралы да баяндады.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім - тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт - бағдар беруде  Гүлшара Дәрібекқызындай  ұстаздардың еңбегі зор. Осындай жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымыз – шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бүкіл ел мақтанышы. 

Оқушылар кездесу соңында  Гүлшара Дәрібекқызына ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбегі және кездесуге қатысып ақыл-кеңес бергені үшін шын пейілмен алғыс айта отырып,  келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.